Сонымен қатар, балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын оятады, ұжыммен әрекет ету қабілетін дамытады, қоғамдағы мінез-құлық тәжірибесін жинақтауға, бастамашылдық пен дербестік танытуға ықпал етеді. Мерекелерге қатысу, әсем безендірілген үй-жайлар, жағымды эмоциялар балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Мерекелердің, сауық - кештердің тәрбиелік, танымдық, эстетикалық әсері өте маңызды, сондықтан оларды дайындауға және өткізуге немқұрайлы қарауға және балалардың зерігуіне жол берілмеуі тиіс.

Мерекелер – балабақшаны танытудың негізгі құралы. Мерекелер мен ойын-сауықтар барысында балалардың даму деңгейі байқалады, олардың не үйренгенін, балабақшада өзін қаншалықты жайлы сезінетінін көруге болады. Мерекелерді, сауық-кештерді ұйымдастыру арқылы балаларды мәдениетке баулуға, олардың шығармашылық даралығын дамытуға және тұлғаның оң «Мен» тұжырымдамасын қалыптастыруға жағдай жасалуы тиіс.

Мерекелер мен сауық-кештер мектепке дейінгі ұйымда өткізілетін тәрбиелеу-білім беру процесінің құрамдас бөлігі. Олар тәрбиеленушінің жеке басының қалыптасуына ықпал етеді, дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді, педагогикалық жұмыстың белгілі бір нәтижесін көрсетеді. Жақсы ұйымдастырылған мерекелер психикалық процестердің дамуына: есте сақтау мен зейінді, баланың сөйлеуін дамытуға жағдай жасайды, ұйымдастырылған оқу қызметінде алған білімдерін кеңейтуге, адамгершілікке тәрбиелеуге ықпал етеді. Балабақшадағы мерекелер тек көңіл көтеру шарасы ғана емес, сонымен қатар ауқымды, күрделі дайындық жұмыстарын қамтиды. Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде мерекелер ерекше орын алады, олардың негізгі мақсаттарының бірі - тұлғаны дамытудың маңызды шарты болып табылатын әртүрлі эмоциялар мен сезімдерді қалыптастыру.

Мерекелер өнер түрлері: музыканы, көркем сөз бен билерді, қойылымдарды, бейнелеу өнерін қамтиды, олар балалардың эстетикалық сезімдерін, қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыдан кабылдауын дамытады.