Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?»-деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші, басты құбылыстың бірі.
Бүгінгі таңда елімізде оқыту мазмұны жаңартылып, озық технологияларды қолданудамыз. Сондай технологияның бір түрі – «Ойын арқылы оқыту» технологиясы. Балаларды оқытуда және тәрбиелеуде ойынның рөлі педагогикада бұрын да, қазір де қарастырылып келеді.
Ойын балалар үшін оқу да, еңбек те болып табылады. Ойын – айналадағы дүниені тану тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Баланың ой-өрісі ойын арқылы дамиды. Ойын барысында адамгершілік қасиеттері, өмірге деген көзқарасы, қызығушылығы қалыптасады. Әрбір ойынның бала үшін білімділік мақсаты ғана емес, тәрбиелік, танымдық мақсаты зор. Ойынға қойылатын әдістемелік талаптар:
- Ойынның мақсаты нақты және керекті көрнекіліктер мен материалдар күн ілгері дайындалып, оңтайлы жерге қою.
- Ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібін оқушыларға әбден түсіндіру.
- Ойынға сыныптағы оқушылардың түгел қатысуын қамтамасыз ету.
- Ойын үстінде шешім қабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеу.
- Ойын түрлерін бағдарламаға сай іріктеп алу.
- Ойынды баланың жас ерекшелігіне қарай түрлендіріп пайдалану.
- Қарапайым ойыннан қиын ойынға көшу.
- Міндетті түрде ойынның қорытындысын жариялау қажет.
Ұлттық ойын ойнау баланың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына деген сүйіспеншілігін арттырады және адамгершілік құндылықтарын қалыптастырады.
Қорыта келсек, ойын арқылы оқыту балалардың жүйкесіне салмақ салмай, қызықтыра, ұғындыра оқыта үйретуді ұйымдастыруға тиімді. Оқу үдерісінің жаңаруына қажетті шарт кез келген педагогикалық жүйенің басты тұлғасы болып табылатын тәрбиешілердің педагогикалық шеберлігін арттыру арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады.






